Апр
07

2025 жылдың 31 наурызы мен 2 сәуірі аралығында Алматы қорығы аумағында көктемгі жабайы аңдар санағы жүргізілді. Бұл шараның негізгі мақсаты – жануарлар популяциясын бақылау, олардың санын анықтау және экожүйенің жай-күйін бағалау. Санаққа ғылыми қызметкерлер мен мемлекеттік инспекторлар қатысты.

          Жануарларды есепке алу әртүрлі әдістермен колданылды: визуалды бақылау, іздерді талдау, фототұзақтар, 10–12 еселі дүрбілер мен дрондарды қолдану. Визуалды санақ алдын ала белгіленген маршруттар бойынша жүргізілді, ал дүрбілер мен дрондар жануарларды қашықтан бақылауға мүмкіндік берді. Қар үстіндегі іздер кейбір жануарлардың бар екенін анықтауға көмектесті, ал фототұзақтар олардың қозғалысын ең қиын аймақтарда тіркеді. Зерттеу бес бағыт бойынша жүргізіліп, жалпы шамамен 30 шақырым жол жүрілді. Санақ нәтижесінде қорық аумағында келесі жануарлар тіркелді: марал – 86, елік – 111, сібір тау ешкісі (таутеке) – 148, қабан – 28, түркістан сілеусіні – 2, қар барысы (іздер бойынша) – 1, Тянь-Шань қоңыр аюы (іздер бойынша) – 5, қасқыр (іздер бойынша) – 2, борсық (іздер бойынша) – 7, қоян (іздер бойынша) – 1. Құстардан: бүркіт – 7, сақалтай – 4, тазқара – 11, қырғи – 3, күйкентай – 1, жылқышы – 6, қырғауыл – 9, кекілік – 9  және алай жалаңкөзі – 6.

          Жабайы аңдар санағы экожүйенің жай-күйін бақылаудың маңызды бөлігі болып табылады. Алынған деректер популяция санын анықтауға, олардың өзгеру динамикасын байқауға, сирек және жойылып кету қаупі бар түрлердің жағдайын бағалауға, сондай-ақ экологиялық факторлардың әсерін талдауға мүмкіндік береді.