Экологиялық акция аясында 500 түп ағаш көшеті отырғызылып, әрқайсысына цифрлық паспорт берілді.
QR-код арқылы ағаштың түрі, оны отырғызған оқушы және күтім ережелері туралы толық ақпарат алуға болады. Бұл – заманауи технологияны экологиялық тәрбиеге ұтымды енгізудің жарқын үлгісі. Игі бастама Талдыбұлақ ауылында «Таза Қазақстан» бағдарламасы мен «Парктер шеруі – 2025» мерекесі аясында өтті. Салтанатты жиында жас орманшылар табиғатты қорғауға ант беріп, жасыл галстук тақты – бұл қоршаған ортаға деген жауапкершілік пен қамқорлықтың нышаны. Аталған шара Алматы мемлекеттік табиғи қорығының бастамасымен биыл 27-рет ұйымдастырылып отыр. Мектеп орманшылығы оқушыларға орман шаруашылығы мен экология негіздерін меңгеруге мүмкіндік беріп, табиғатты қорғауға баулиды.
Іс-шараға арнайы шақырылған 2 әлем чемпионы мен 2 спорт шебері – мектептің мақтаныш түлектері, 10 ардагер ұстаз, 27 мектеп мұғалімі, сондай-ақ ауыл тұрғындары мен қонақтар қатысты. Мектеп директоры мен Алматы мемлекеттік табиғи қорығының директорының орынбасары Ерболат Серікұлы Нұрахметов қатысушыларды құттықтап, табиғатты қорғаудың маңыздылығына тоқталды.