Алматы мемлекеттік табиғи қорығының экологиялық ағарту бөлімінің мамандары мектеп оқушыларымен бірлесіп, ерекше экологиялық іс-шара — сурет салу акциясын ұйымдастырды. Акция қорық аумағында, табиғат аясында өтті.
Іс-шара барысында оқушылар табиғатпен етене араласып, қорықтың көркем көріністерінен шабыт алып, өз қалаулары бойынша түрлі тақырыптағы суреттер салды. Көбісі жануарлар әлемін, таулы ландшафттарды, сирек кездесетін өсімдіктерді бейнеледі. Бұл арқылы олар табиғатты тереңірек түсініп, қоршаған ортаға деген сүйіспеншіліктерін шығармашылық арқылы жеткізді.
Шара соңында балалармен экологиялық тақырыптағы әңгіме өткізілді, табиғатты қорғаудың маңыздылығы туралы айтылды. Мұндай шаралар өскелең ұрпақтың табиғатқа деген жауапкершілік сезімін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.