Алматы мемлекеттік табиғи қорығы Алатаудың орталық бөлігіне орналасқан. Жалпы көлемі 71700 га.

Алматы қорығы ең алғаш Кіші Алматы өзені аймағында 1931 жылы ұйымдастырылып жер көлемі 13000 га жерді қамтыған. 1935 жылы ақпан айында қорыққа мемлекеттік деген дәреже берілді.

Соғыстан кейінгі жылдары 1951 жылы қыркүйек айында қорық таратылып, 10 жылдан кейін 1961 ж. қорық қайта құрылды.  Алматы қорығы екінші рет Қазақ ССР-і Министрлер Кеңесінің 31.07.1961ж № 524 қаулысы негізінде Алматы облысының Шелек  және Кеген аудандары жерінде 128 мың гектар алқапта ұйымдастырылды.

Қазіргі уақытта қорық Іле Алатауының орталық бөлігінде теңіз деңгейінен 1200м - 5017 метрге дейінгі биіктікте  жалпы алқабы 71700 га Талғар және Есік аудандарын алып жатыр.  Ең жоғарғы шың -  Талғар шыңы - 4978,8 метр.

Қорық шекарасы Оң және Сол Талғар өзенінен өтіп, Түрген және Есік

өзендерін бөліп тұратын қыраттармен өтеді.  Қорық шекарасын  2 км  қорғаныш аймағы алып жатыр.

Қорықтың аумағында өзендермен сулар нәр алатын 160-тан көп мұздықтар бар Алматы қорығында орман жапқан жерлер 14369 гектар, орман өспеген жерлер 719 гектар, ормансыз жерлер 56612 гектар, 222 гектарды сулар алып жатыр. Қорықты айнала екі шақырымдық алаңы 8518 га күзет аймағы бөлінген.

Қорығымыздағы жабайы табиғи байлықтар жиынтығы ғылыми негізде зерттеліп, толықтай есепке алынған. Мұнда сүтқоректілердің – 41, құстардың -177, бауырымен жорғалаушылардың – 5, қосмекенділердің – 1 және жәндіктердің 900 – ден астам түрлері кездеседі. Хайуанаттардың 22 – түрі мемлекетіміздің Қызыл кітабіне енген. Олар мыналар: ілбіс, ақ тырнақты тянь-шань қоңыр аюы, түркістан сілеусіні, тас сусары, құстардан бүркіт, сақалтай , бидайық, орақтұмсық, құмай, үкі, көк құс, қара ләйлек, лашын, бақалтақ бүркіт.

Қорық жерінде қазіргі таңда жоғарғы сатыдағы 960 өсімдіктер түрі кездесіп, олар 415 - туысқа, 85 – тұқымдасқа бөлінген. Соның ішінде 14 түр – ағаш, 64 –бұта, 3 – бұташа, 5 – жартылай бұта, 3 – лиан, 102 – біржылдық, 47 – екіжылдық, 722 – көпжылдық өсімдіктер бар. Соның ішінде 28 түрі сиреп және жойылып кету қаупі төнгендіктен 1981 жылы жарық көрген Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Олардың ішінде: Колпаковский қызғалдағы, Островский қызғалдағы, Виттрок рауғашы, Сиверс алмасы, Кәдімгі өрік және т.б.бар.