2025 жылдың 10 сәуір күні Алматы мемлекеттік табиғи қорығы «Парктер шеруі – 2025» экологиялық акциясының ашылу салтанатын өткізді. Іс-шара «Ұлы Жеңіс пен Жасыл Болашақ: Табиғатқа қамқорлық» ұранымен ұйымдастырылып, салтанатты шерумен басталды. Шеруге қорық қызметкерлері, мектеп оқушылары мен студенттер белсене қатысты.
Экологиялық акция аясында Талғар қаласы әкімдігі, "Ардагер" Ауғанстан соғысының ардагерлері мен мүгедектерінің Талғар қаласындағы Талғар аудандық қоғамдық бірлестігі, «Талғар ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі», «Желтоқсан» - қоғамдық-саяси ұйымы, Талғар Ауданының Жастар Ресурстық Орталығы, Талғар ауданы әкімдігінің білім бөлімі, Талғар қаласының 10 орта мектебі, 5 колледж және Талғар аудандық аналар кеңесі қатысты. Экологиялық бастамаға барлығы 400 адам қатысты.
Іс-шара ағаш көшеттерін отырғызу, көгалдандыру және қоршаған ортаны тазарту жұмыстары арқылы жалғасын тапты. Нәтижесінде, мәдениет үйінің ауласына, Ұлы Отан соғыс арадегерлеріне арналған саябаққа тазалық жұмыстары жүргізіліп, 330 көшет отырғызылды. Әр отырғызылған ағаш – бұл Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан әрбір жауынгердің құрметіне арналған естелік нышаны. Бұл жай ғана көшет отырғызу емес, бұл – көз қуантатын әрі келешек ұрпаққа ерлікпен өткен тарихымызды еске салып, үнемі өсіп, жаңарып отыратын тірі ескерткіш.