Апр
22

«Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында және «Парктер шеруі – 2025» мерекесіне орай, Талдыбұлақ ауылындағы №34 мектеп-гимназиясында «Таза табиғат -жарқын болашақ» ұранымен мектеп орманшылығының салтанатты ашылуы өтті. Аталған шара биыл Алматы мемлекеттік табиғи қорығының бастамасымен 27-рет ұйымдастырылып отыр.

Іс-шараға арнайы шақырылған 2 әлем чемпионы мен 2 спорт шебері – мектептің мақтаныш түлектері, 10 ардагер ұстаз, 27 мектеп мұғалімі, сондай-ақ ауыл тұрғындары мен қонақтар қатысты. Мектеп директоры мен Алматы мемлекеттік табиғи қорығының директорының орынбасары Ерболат Серікұлы Нұрахметов қатысушыларды құттықтап, табиғатты қорғаудың маңыздылығына тоқталды.

Мектеп орманшылығының мүшелері салтанатты түрде жас орманшылар антын қабылдап, оларға жасыл галстук тағылды. Бұл галстук – табиғатты қорғауға берілген уәденің, орманды аялау ісіне қосылған үлестің символы болды.

Шара аясында мектеп аумағында 500 түп ағаш көшеті отырғызылды. Ең ерекше тұсы – әр көшетке арнайы QR-код орнатылды. Бұл QR-кодтар арқылы ағаш отырғызған оқушы туралы, ағаш түрі мен күтім ережелері туралы ақпарат алуға болады. Бұл әдіс экологиялық тәрбиені жаңа деңгейге көтеріп, заманауи технологияны тиімді пайдалануға жол ашты.

Жаңа ашылған мектеп орманшылығы теориялық және практикалық бағытта жұмыс істейді. Оқушылар орман шаруашылығы, экология негіздерін меңгеріп, ағаш отырғызу, күтім жасау және табиғатты қорғау шараларына белсенді қатысатын болады.

Бұл бастама — оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастырып, табиғатты қорғауға үйретеді. Сонымен қатар, өзге мектептерге де үлгі боларлық экологиялық жоба екені сөзсіз.