Фев
16

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев бүгін кеңейтілген алқа отырысында Мәдениет және спорт министрлігіне мұражайлар мен қорықтардың табыстылығы және экспонаттарды сауатты пайдалану мәселесін қарауды тапсырды.

«Дұрыс айтылды, мемлекеттен ақша сұраудың қажеті жоқ. Ақша табуға болады, мұражайлар мен қорықтар аумағында түрлі көрмелер ұйымдастыруға болады. Экспонаттар - бұл зор байлық, оны дұрыс пайдалану қажет», - деді Б.Сапарбаев. 

Ол Шығыс Қазақстанның облыстық архитектуралық-этнографиялық және табиғи-ландшафтты тәжірибесін ҚР-ның облыс орталықтарына пайдалануды ұсынды. 

«Өскемендегідей саябақ, қорық еш жерде жоқ. 70 гектарды қазір 100 гектарға дейін кеңейту жоспарланған. Мұндай қорықтарды барлық облыс орталықтарында құру қажет, өйткені әр азаматтың бір жаққа, Астанаға немесе Алматыға баруға мүмкіндігі бола бермейді. Ал, Қазақстанда әдемі жерлер көп, әр өңірде бар, тек соны дұрыс ұйымдастыру керек», - деп атап өтті Премьер-Министрдің орынбасары.

Сондай-ақ, Б.Сапарбаев ел тарихын сақтаудағы мұражайлардың және болашақ ұрпақты тәрбиелеудің маңыздылығын баса айтып, мұражайлар мен қорықтардың басшыларын өз ісіне беріліп жұмыс істеуге үндеді.