Нояб
10

Жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орын алатын Қазақстан, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың әлемдік жүйесінің дамуында маңызды рөл атқарады.  Мемлекетімізде қорық құру тарихы 1922 жылдан басталады. Осы жылы мәдени және көне табиғи ескеткіштерді қорғау жөніндегі Түркістан комитеті құрылған, ол алғаш рет сол аймақта қорық құру қажеттілігі мәселесін көтерді. 1926 жылы Орта Азия мен Қазақстанда бірінші рет Ақсу-Жабағылы  қорығы ұйымдастырылды. Ал 5 жыл өткеннен кейін, 15 мамыр 1931 жылы   Қазақ Халық Комиссарлар Кеңесінің №20 қаулысымен  Кіші Алматы орман шаруашылығының аумағында құрылды. 1935 жылы көлемі 40000 га , ал сонан соң 856680 га-ға кеңейіп, Алматы қорығы деп аталды. Сол кезден бастап  қорық аумағы үлкен аймақтарды қамти бастады, шығысында Кіші Алматы су алабы, Іле-Алатауының шығыс жотасымен қоса, Жалаңаш және Сөгеті аңғарларына шектес таулар қорық құрамына өтті. Дегенмен 1939 жылы қорық территориясының жекелеген бөлімдері әр түрлі ұйымдарға берілді, ал 1951 жылы қорық жабылды.

Тек 1961 жылы 31 шілдеде Қазақ СРО Министрлер Кеңесі № 524 қаулысымен, бірақ енді Шелек, Табанқарағай және Таушелек аумағында қорықты қайта құрды. Ал үш жылдан кейін, 1964 жылы Қазақ СРО Министрлер Кеңесі № 40 қаулысымен, Есік пен Талғар өзендері су алабына, яғни жаңа территорияға көшірілді.

1966 жылдың қаңтарында қорыққа қосымша Қалқан шатқалында орналасқан «Басшы» совхозынан 17850 га бөлініп, «Әнші құм» филиалы құрылды. Ал 1982 жылдың желтоқсанында Алматы қорығының филиалы, қорық орталығы ретінде, қазіргі Алтын-Емел Ұлттық саябағы Қапшағай аңшылық – қорық шаруашылығына берілді.

Қазіргі таңда қорық аумағы ең биік және қашық жатқан Іле Алатауының орталық бөлік жотасында орналасқан, көлемі 71700 га. Орталық мекені Алматы қаласынан 25 шақырым жердегі Талғар қаласында орналасқан.

Қорықтың негізгі мақсаты – Іле Алатаудың орталық бөлігіндегі табиғи бірлестіктерді, яғни жануарлар мен өсімдіктер әлемі нысаналарын сақтау, сонымен қатар осы бірлестіктердің табиғи даму заңдылықтарын зерттеу.

Іле Алатау жотасы – қорықтың орналасқан жері, ол Тянь – Шань тау жүйесінің солтүстігі болып табылады. Ол өзінің орталық бөлігінде Талғар тау алқабын құрайды, мұнда жоғарғы биіктік Талғар шыңы теңіз деңгейінен 4978,8 м . Қорық аумағында 4500м деңгейден асатын   10 –нан астам шың бар, олар негізгі жота бойынша, Ақтау – (4686м ), КОПР – (4612, 6м ), Металлург – (4600м ), Богатырь – (4576м) ,Сүлеймен Стальский – (4514 м теңіз деңгейінен). Жота салаларындағы ең биік шыңдар болып, Егіздер-(4694м), Есіктеншоқы – (4685м), Белый шыңы – (4677м), Жусанды-Күнгей – (4565м ) және басқалары саналады. Қорғалатын территориядағы Іле Алатауы негізгі сілемдерінен бірнеше үлкен тармақтарға бөлінеді, олар өзен су айрықтары болып табылады. Ең суы көп өзендер - Оңтүстік-Шығыс, Сол, Орта және Оң Талғар, сонымен қатар Есік пен Оңтүстік Есік. Ені ( 5-тен 10 метрге дейін ) және тереңдігі салыстырмалы түрде 1 метрге дейін, олардың қатты ағысы өте жоғары биіктіктен келуіне байланысты. Судың қуатының күштілігі сонша, тұтас жартастарды мүжиді, бөлшектейді және құмға дейін ұсақтайды.

Бастауын мұздықтардан алатын ірі өзен жоғарғы ағыстары мұз қозғалысынан пайда болған тау жынысы сынықтарының астындағы көлдер мен үйінділер астындағы көлдері жандандырады. Осы өзен су алабында құлама – тектоникалық пайда болған Есік және Ақкөл деген екі көл бар, арсындағы ең ірісі Мұзкөл болып табылады. Керемет әдемі Есік көлі алғаш пайда болған күйінде 1963 жылға дейін болды. Шілденің шырқыраған ыстық күнінде қиратушы су тасқыны санаулы минуттар ішінде табиғи бөгетті бұзып, әдемі тау ғажайыбын жер «бетінен» жоқ қылды. Көлдің сақталған шығыс шығанағы қазіргі кезде жайлап суға толып, біртіндеп үлкейіп жатыр.

Барлық ірі өзендер мен көлдер негізгі су қорын қорықтағы көп мұздықтардың еруінен алады. Шоқал мұздығы ең ірісі, ол Орта Талғар өзені алабында орналасқан, оның ұзындығы 5 шақырымдай дерлік болады. Ол 20-24 жыл бойы мерзімімен еріп тұр. Мұздық ұшы шытынап, бірнешеге бөлініп, төмен қарай тез қозғалады. Жотаның оңтүстік жағында жаңа мұздықтардың үлкен түйіні орналасқан, бұлардың ішіндегі ең ірісі – Корженевский мұздығы,ұзындығы 12 шақырым және Богатырь мұздығы, ұзындығы 8 шақырым.

Қорық территориясында басқа да көптеген бірегей табиғат туындылары бар. Тік саңылау (Прямая шель) сайының жоғарғы жағында Солтүстік Тянь- Шаньдағы ең ірі көшкін мұз орналасқан, ұзындығы шамамен 3,5 шақырым. Ол жылына  бірнеше ондаған сантиметр жылдамдықпен қозғалады және аймақтағы белсенді көшкін мұздар ішіндегі ең төмен орналасқандығымен ( теңіз деңгейінен 2400м ) ерекшеленеді. Қорықта жылы қайнар бұлақтар да бар, мысалы, Талғар өзені (теңіз деңгейінен 1850 м) су алабының жер асты опырылу аймағында бар. Қайнар бұлақ сулары радонды және натрийлы.

Қорық аумағы төрт белдеу бойынша орналасқан олар: орманды-шалғынды-далалы, субальпілі, альпілі, мұздықты – нивальді белдеулер. Орманды- шалғынды- далалы белдеу 1270-2800 м аралығында орналасқан. Төменгі бөлігі жапырақты орман биік шөптесінді шалғындар мен қалың бұталармен кезектеседі. Ормантүзуші түрлер мұнда Сиверс алмасы, кәдімгі өрік, долананың үш түрімен, кәдімгі мойыл, көктерек, тьян- шань қайыңы, талас терегі жәнеде үйеңкінің бірнеше түрлерімен келтірлген.

 Бұталардан итмұрынды, қотыр , Альберт раушандары ,үшқаттың бірнеше түрі, Семенов қабыржығы, бөріқарақат және Мушкетов түйесіңірі кездеседі. Жабайы жеміс-жидекті орман алып жатқан аумағы небәрі 157 га жер алып жатыр. Сол және Оң Талғар өзендері алқабында орын алып жатқан бұл жабайы жеміс – жидекті орман, Орта Талғар бойынша аздап тек бірнеше бұта түрімен келтірлген. Алма ағаштарының жоғарғы шекарасы 1800м шектеледі, ал өрік болса 1700м биіктік шекараларына дейін Оңтүстік беткей бойынша өседі. Көктал көбіне тоғай болып таулардың солтүстік және шығыс сілемдерінде өседі. Алматы қорығының ең басты байлықтарының бірі Тянь-Шань шыршалы ормандары. Қылқан жапырақты орман бір өкілмен таныстырылған ол – Шренк шыршасы. Бұл шырша ормандары сан ғасырлар бойы таулы алқаптың  табиғи бірлестігінің қалыптасуында басты рөл атқарғандығы белгілі. Жоғарғы шектерде ағаш төбелері 1400 м – ден 2800 м-ге дейін жетсе, кей жерлерде теңіз деңгейінен 2900 м жетеді. Тау беткейінде шетен ағашы көптеп өсуде. Жоғарғы шекте Сібір аршасы, Қызыл арша және Қара арша төселіп жатыр.

Қорықтың өсімдіктер әлемі мен жануарлар дүниесі бай және алуан түрлі. Бүгінгі таңда жоғарғы сатыдағы өсімдіктердің 85 тұқымдасына жататын 415 туысының  960 түрі өседі. Соның ішіне ағаштың 14 түрі, бұталардың 64, бұташалардың  3, жартылай бұташалар 5, лиандар 3, бір жылдық шөптесін өсімдіктердің 47, көп жылдық өсімдіктердің 722 түрі өседі. Төменгі сатыдағы өсімдіктерден саңырауқұлақтардың - 200, мүктердің – 80, қыналардың – 200 түрі кездеседі. Сүтқоректілердің 41, құстардың 177, бауырымен жорғалаушылардың 6, қосмекенділердің 2 түрі мекендейді.

Алматы мемлекеттік табиғи қорығы Қазақстан Республикасының 2006 ж. 7 шілдедегі              

«Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Заңының аясында көптеген игі жұмыстарды атқарып келеді.

Қорықта негізінен табиғат кешендері мен нысандарын қорғау, ғылыми – зерттеу және  экологиялық ағарту жұмыстары жүргізіледі. Қорығымыздағы атқарылып жатқан іс-шаралардың нәтижелі әрі табысты болуы білікті мамандарға байланысты. Сол себепті табиғатты қорғап сақтауда, қорық жұмысын жүргізудегі күрделі мәселелерді ғылыми кеңеспен ұжым жиналыстарында талқыға салынып шешіледі.

Туған табиғатымызды қорғауда және оны сақтап болашақ ұрпаққа қалдыру мақсатында қорық ұжымы аянбай еңбек етіп келеді. Осы қажырлы еңбетерінің арқасында Алматы қорығы Қазақстандағы алдынғы қатардағы қорықтардың біріне айналды.

Бүгінгі таңда Алматы мемлекеттік табиғи қорығына 90 жыл толып отыр. Осынау үлкен атаулы кезеңде өзінің ерекше рельефімен, керемет көркем табиғатымен, қойнауындағы жануарлар дүниесі мен өсімдіктер әлемінің сан алуандығымен ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік биосфералық резерваттар тізіміне енді.

Ғылым ақпарат

және мониторинг бөлімінің басшысы: Р.Байсултанов

Фото авторы: С.Сапарбаев