Сен
11

Раушангүлдер тұқымдасына жататын Сиверс алмасы (Malus sieversii Ledeb. M. Roem) – Қазақстанның Қызыл кітабына енген бағалы өсімдік болып табылады (Красная книга, 2002). Бұл алма әлемдегі алма сорттарының атасы, себебі қазіргі алманың мәдени сорттарына көбіне бастама берген осы жабайы Сиверс алмасы (Forsline P.L. et al., 2003). Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 31 қазанындағы №1034 қаулысымен өсімдіктердің сирек және жойылып кету қаупі төнген түрлерінің тізіміне енгізілген.( https://adilet.zan.kz/kaz/docs/P060001034_/history)

Сиверс алмасы Алматы мемлекеттік табиғи қорығының тауларында кең таралған. Тау беткейлерінде, өзен аңғарларында, кейде көп мөлшерде таза алмалы орман құрай өседі. Сәуір-мамыр айларында гүлдеп, шілде айынан қыркүйек айына дейін жеміс береді. Басқа алмалардан көлемі, түсі, пішіні және дәмі жағынан ерекшеленеді. Биіктігі 3-10 метрге дейін, жапырағы ірі, жалпақ қандауырша, сабағы түкті, гүлдері ірі (диаметрі 0,8-1 см-ге дейін) ақ шатыр тәрізді шашаққа жиналған болады. Аталықтарының саны көп, тозаңдану жәндіктердің көмегімен жүзеге асады.

Қорық аумағы 71700 га. 2016 жылғы Орман орналастыру жоспар-картасында Сиверс алмасы 23,9 га аумаққа таралған деп жазылған. Аймақтары бойынша Оң Талғар шатқалында 15 га, Сол Талғар шатқалында 4 га алып жатыр.Аталған шатқалдарда Сиверс алмасының (Malus sieversii Ledeb. M. Roem) таралуы, өсу ортасы және үлгі ағаштары іріктелгендігі айтылады. Сиверс алмасының 11 формасына белгі қойылып, әр ағашқа сараптама мен паспорты жасалынды.

Табиғи популяцияның жағдайын бақылауды және барлық жерде қорғалуды қажет етеді. Саны қысқарып бара жатқан түр. Мәдени түрде өсіруді де қолға алу қажет. Сиверс алмасының полимормизм яғни көп формаға ие болу қасиеті болғандықтан, селекциялық жұмыстарда алманың жаңа сорттарын шығаруда болашағы үлкен.

Алматы мемлекеттік табиғи қорығы

Ғылым, ақпарат және монторинг бөлімінің

аға ғылыми қызметкері Думан Айнұр Ерлікқызы