Алматы мемлекеттік табиғи қорығы аумағындағы Есік өзеніне 1960 жылдардың басында форель шабақтары жіберілген болатын. Сол жылдардан бастап форель балығы өзендерде жақсы бейімделіп, оң нәтиже көрсетті.
2014 жылы су электр станциясын салған кезде балық қорғау құралдары және балықтың ары-бері өтетін өткелдері жасалынбауына байланысты, соңғы жылдары форель балығының азайғаны байқалды. ГЭС іске қосу кезінде табиғат қорғау мекемелерімен келісім болмаған.
Алматы мемлекеттік табиғи қорығы Есік көліндегі форельді қалпына келтіру үшін бастама көтеріп, Дүниежүзілік жабайы табиғат қорына (WWF) ұсыныс білдіріп, кіші грандқа қолдау таптық.
Ұсыныс аясында Қарағанды облыстық экологиялық орталығы «ЭКОЦЕНТР» Қоғамдық бірлестігін ортаға алып, «Алматы мемлекеттік табиғи қорығындағы Есік өзенінде форельді қалпына келтіру және сақтау» тақырыбында жоба дайындап, Дүниежүзілік жабайы табиғат қорынан (WWF) кіші гранд бөлінді.
Бұл жоба форельді реинтродукциялау арқылы Есік көлінің су экожүйесін қалпына келтіруге және форель популяциясының сақталуы мен көбеюіне жағдай жасайды.
2023 жылдың қазан-қараша айларында «Балық шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС қызметкерлері биологиялық негiздеме жасады. Есік көлінің гидрохимиялық зерттеулер нәтижесінде форельдің өмір сүруіне қолайлы екені анықталды.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 31 мамырдағы №221 бұйрығын негізге ала отырып, балықтың төменнен жоғарғы бьефке және кері өтуін қамтамасыз ету үшін желтоқсан айында Есік көлі бөгетіне 4 балық қорғау құралы (БҚҚ) орнатылды.
Қазіргі уақытта Есік көлінде орташа салмағы 500-600 граммнан 510 кг форельдің аналығымен балықтандыру жұмысы жүргізілді.