Авг
01

«Алматы мемлекеттік табиғи қорығы» РММ-нің мемлекеттік инспекторлары мен ғылыми қызметкерлері 2024 жылдың 19-26 шілде аралығында қорықтың оңтүстік шекарасында далалық жұмыстар жүргізді. Осы аймақтың өсімдіктер әлемі мен жануарлар дүниесіне мониторинг жасалды. 2023 жылдың қазан айында орнатылған бір фототұзақ тексеріліп, флешкасы мен қуат көздері ауыстырылды, әрі күзге дейін қайта қалдырылды. Фототұзаққа ілбіс (қар барысы), сібір тауешкісі және Гималай ұлары түскені тіркелді.

Бір апталық далалық жұмыстар кезінде: 4 бүркіт, 6 құмай, 2 сақалтай, 2 жұп орақтұмсық, 1 қабан, 7 марал, 2 Түркістан сілеусіні, 1 ілбіс (қар барысы), 50 сібір тауешкісі және 11 қалқантұмсық жылан тіркелді. Қорық аумағын қорғау мен күзету кезінде бөгде адамдардың іздері мен браконерлік фактілері тіркелмеді.