Окт
17

Бүгін 17 қазан 2024 жылы Қазақстан мен Қырғызстанның ерекше қорғалатын табиғи аумақтары арасында барысты сақтау жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Аталмыш бес жылдық келісім БҰҰДБ бастамасымен Жаһандық экологиялық қордың қолдауымен орман экожүйелері мен биоалуантүрлілікті, соның ішінде Қазақстандағы қар барысын сақтау жөніндегі алты жылдық жобаның аясында жасалып отыр.

Ынтымақтастықтың мақсаты екі елдің төрт ерекше қорғалатын табиғи аумағы (ЕҚТА): Қазақстан Республикасының «Көлсай көлдері» ұлттық паркі, Алматы мемлекеттік табиғи қорығы, Іле-Алатау ұлттық паркі және Қырғыз Республикасының «Чон Кемин» табиғи паркі шекарасында Солтүстік Тянь-Шань тауларындағы қар барысын және оның мекендейтін жерлерін сақтау болып табылады.

Меморандум екі мемлекеттің ЕҚТА-на бірлескен іс-қимылдарды үйлестіруге және қар барысын зерттеу, оны қорғауды және бақылауды күшейту, сондай-ақ жыртқыштың популяциясын қалпына келтіру және оны тұрақты қалпында ұстап тұру бойынша тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.